Last News :

كيف يتحقق النصر على الدولة الإسلامية / داعش «»  قلق روسي من تسليح سعودي نوعي للمعارضة السورية «»  تقير حلقة نقاش / التحولات على المسار ين الإيراني والتركي، وتداعياتها على منطقة الخليج «»  اقتراح لصيغة موضوع الجهاد في المنهج المدرسي «»  الحرب الأيديولوجية لصالح الحصين رحمه الله «»  باحث سعودي: الموقف الروسي حيال سوريا مرتبك لأنه يتعاطى مع نظام مرتبك «»  MINUTES OF THE XII SESSION OF THE SECRETARIAT OF THE CONGRESS OF LEADERS OF WORLD AND TRADITIONAL RELIGIONS «»  التحولات على المسارين التركي والإيراني وتداعياتها على منطقة الخليج «»  «هَزْ المسمار» نظرية شيوعية لتغيير آسيا الوسطى تاريخ سري لحرية المرأة في العهد السوفياتي «»  ( ملخص لمحاضرة معالي الشيخ صالح بن عبدالرحمن الحصين رحمه الله تعالى) عن مصطلح القومية Nationalism «» 

 

 

 

 

 

САУД  АРАБИЯСЫ  МЕН ҚАЗАҚСТАН:

ҚАТЫНАСТАР ЕРЕКШЕЛІГІ

 

 

 

Сауд Арабиясының Қазақстандағы Мәдени күндері аясындағы дәріс

(30 мамыр-6 маусым 2010 ж.)

 

 

 

 

 

Доктор Маджид бен Әбдел Әзіз ат-Түрки

Ақпарат жөніндегі кеңесші және Ресей бойынша маман

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

САУД  АРАБИЯСЫ  МЕН ҚАЗАҚСТАН:

ҚАТЫНАСТАР ЕРЕКШЕЛІГІ

 

      Кіріспе: Сауд Арабиясы Корольдігінің Мәдениет және ақпарат министрлігінің Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігімен бірлесе ұйымдастырған Сауд Арабиясының Қазақстан Республикасындағы мәдени күндері аясында (1-5 маусым 2010 ж.) Қазақстан мен Сауд Арабиясының қазіргі заманғы екіжақты қарым-қатынастарына арналған дәріске қатысып отырғаныма ризашылық білдіремін. Екі ал арасындағы аталмыш байланыстар халықаралық деңгейдегі мемлекеттер арасындағы байланыстардың үлгісі екенін көрсетеді. Сонымен қатар мен САК Мәдениет және ақпарат министрлігіндегі әріптесперімен осындай маңызды шараға қатысуыма мүмкіндік бергендері үшін алғысымды білдіремін. 

 

****                           ****

Қазақстан Республикасы сияқты Сауд Арабиясы Корольдігі өңірлік және әлемдік аренада маңызды орын алады. Сауд Арабиясы Корольдігі өңірдегі ең ықпалды және Таяу Шығыстың ірі және бай мемлекеттердің бірінен саналады. Бұған Корольдіктің, сондай-ақ, жер шарындағы бүкіл дүние жүзі мұсылмандарының назары ауып отырғанын және бүкіл мұсылман әлемнің рухани орталығы болып табылатындығын қоса айтқанымыз жөн. Бұл жерде Исламның екі ұлы Әулиесі (қасиетті қалалар: Мекке және Мәдине) орналасқан, сондай-ақ басқа да қасиетті жерлер бар. Қазақстанның бұрыннан терең тарихи мұсылмандық тамыры бар. 1928 жылы Сауд Арабиясы Корольдігінде тағайындалған КСРО-ның бірінші елшісі Қазақстан елінің азаматы болған. Елшінің аты-жөні – Нәзір Төрекұлов. Сондай-ақ, Қазақстан да үлкен саяси және экономикалық салмағы мен ықпалы бар мемлекет болып табылады. Ол Орталық Азия мемлекеттерінің ішінде, әсіресе, 1991 жылы КСРО құлағаннан кейін тәуелсіздік алған мемлекеттердің арасында көшбасшылық орында. Мұсылман елдері ішінде де Қазақстан белгілі дін ілімі негізін салушылар мен қасиетті Құранды насихаттаушылар шығуымен де маңызды орын алады. Қазақстанда жоғары білікті мамандардан тұратын сенімді адам ресурстары бар.

Сауд Арабиясы Корольдігі (САК) араб және мұсылман елдерінен бірінші болып 1991 жылы 30 желтоқсанда Қазақстан тәуелсіздігін таныды. Екі мемлекет арасындағы ресми дипломатиялық қатынасты орнату туралы Хаттамаға 1994 жылы 30 сәуірдегі Қазақстан Сыртқы істер министрінің Сауд Арабиясы Корольдігіне сапары кезінде қол қойылды . Осы сапар барысында Қазақстан Республикасы мен Сауд Арабиясы Корольдігі арасындағы барлық салалар бойынша екі тарапты қарым-қатынасты нығайту жолдары талқыланды. Сондай-ақ, 1994 жылы қыркүйек айында Сауд Арабиясы Корольдігіне баратын Мәртебелі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ресми сапарына дайындық жұмысы жүргізілді.

Қазақстан Президентінің Сауд Арабиясы Корольдігіне сапары екіжақты қарым-қатынас дамуының жаңа кезеңінің басталуымен бірге, оны алға қарай жылжытумен де есте қалды. Екі ел арасында барлық салалардағы туысқандық қатынас құрудың негізі қаланды. Эр-Риядта Қазақстан елшілігі ресми ашылды. Елбасы Назарбаев өзінің сапары барысында Саудтың жоғары лауазымды тұлғаларымен көптеген кездесулер өткізді. Ол Сауд Арабиясындағы орасан зор мүмкіндіктермен танысты. Елбасының осы сапары Сауд Арабиясындағы өзінің бауырларымен ынтымақтастықты нығайтуға аса зор мүдделілікті көрсетті. Корольдіктің Жоғары Мәртебелі бекзадасы Сұлтан бен Абдел Әзиз, Сауд Арабиясының Премьер-министрінің орынбасары, қорғаныс және авиация министрі (сол уақытта Премьер-министрдің екінші орынбасары), Корольдіктің бас инспекторының Қазақстанға келген сапары біздің екі бауырлас ел арасындағы қатынасты дамытудағы маңызды бетбұрыс болды. Сапар 2000 жылы өтті. Бұл сапар барысында екі ел арасындағы саяси диалог пен түрлі салалардағы өзара ынтымақтастықтың берік негізі қаланды.

Екі мешіттің сақтаушысы, Алла жанын жаннаттан берсін Король Фахд бен Абдел Әзиздің тікелей шақыруымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2004 жылы наурыз айында Сауд Арабиясына тағы бір маңызды сапармен барды. Бұл сапар екі ел басшысының арадағы қарым-қатынасына жаңа серпін беріп, оны одан әрі дамытып, нығайтуға көзделген ой-ниетінің шешімділігін  тереңдетудің жарқын куәсі болып табылды.

Осынау сапар кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сауд басшыларымен маңызды кездесулер өткізді. Олардың ішінде ең маңызды кездесулер – Король Абдалла бен Абдел Әзизбен, сондай-ақ, Жоғары Мәртебелі Король бекзадасы Сұлтан бен Абдел Әзизбен (ол уақытта Премьер-министрдің екінші орынбасары)өтті.

Жүргізілген келіссөздер барысында өңірдегі оқиғалардың дамуы, сондай-ақ ислам мен халықаралық өмірдегі болып жатқан қатынасқа қатысты екі жақтың ұстанымы талқыланды. Екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытудың келешегі, осынау өзара пайдалы ынтымақтастықты барлық салаларда одан әрі нығайту жолдары көзделді. Екі елдің министрлері екі мемлекет арасында қол қойылған құжаттарда мазмұндалған уағдаластықтарды өмірге енгізу жөнінде барлық қажетті шараларды қабылдау туралы тікелей тапсырмалар алды. Солардың ең маңыздысы –екі мемлекет пен олардың экономикалық салмағына сәйкесе алатындай, жыл сайынғы тауар айырбасы деңгейін арттыруды қарастырған сауда саласындағы қол қойылған құжат. Осы сапардың ең маңызды нәтижесі –осы елдегі мүмкіндіктерді көзбен көріп, танысу мақсатында Қазақстанға сауд бизнесмендерінің келуі. Бұл сапар елге инвестиция салудың көздерін іздестіру мен елде қаржы салуға болатын мүмкіндіктерді көзбе-көз көрумен қатар, сондай-ақ, Қазақстан үкіметі сауд инвесторларына ұсынып отырған жеңілдіктерді талқылау мақсатын көздеді. Бірлескен компаниялар мен акционерлік қоғамдарды құру идеясы пайда болды, олардың жұмыстарына екі елдің бизнесмендерін қатыстыру көзделді. Бірінші кезекте бұл маңызды экономикалық жобаларға қатысты болатын.

Екі ел арасындағы сауда және экономикалық ынтымақтастыққа қатысуға ниет білдірген компаниялар мен ұйымдар туралы жеткілікті ақпарат ұсыну мақсатында компаниялар мен көмекші ұйымдар арасында тікелей байланыс орнату қажеттілігін де дәлелдеді. Мұнай өндіру, энергетика, мұнай-химия өнеркәсібі саласындағы компаниялардың қызметін жандандыруға ерекше көңіл аударылды, өйткені екі елде де осы салаларда қызмет көрсетудің үлкен тәжірибесі жинақталған. Сауд Арабиясы әлемдегі маңызды мұнай өндірушілердің бірінен саналады. Ол әлемдік нарықтағы мұнайды ең ірі экспорттаушы. Корольдікте тек өңірде ғана емес, сонымен бірге әлемдік деңгейде алдыңғы қатардан табылатын мұнай–химия өнеркәсібі өзінің нақты дамуына түсті.

 Сауд Арабиясы Корольдігі мұнай экспорттаушылар ұйымының құрылтайшы мүшесі болып табылады. Өз кезегінде Қазақстанда да мұнайдың елеулі қоры мен мұнай-химиялық өнеркәсібі дамыған, осынау көп нәтиже күттіретін салаға арналған ғалымдар мен мамандарды дайындайтын оқу орындары бар. Осының бәрі де бұл саладағы екі мемлекеттің ынтымақтастықтағы табысына кепілдік бере алады. Міне осыған орай, Елбасы Назарбаев Эр-Рияд қаласындағы өзінің резиденциясында Мәртебелі инженер, мұнай және минералды ресурстар министрі Әли ан-Нуайми және  сондай-ақ «Сабик» сауд компаниясы басшысы,  инженер Мұхаммед Әл-Мадымен де кездесу жасады.

Екі ел арасындағы мәдени және рухани ынтымақтастыққа айрықша көңіл бөле отырып, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Сауд Арабиясының  діни қайраткерлерімен, Дүниежүзілік Ислам лигасының жауапты тұлғаларымен де кездесті. Осылайша Қазақстан ұзақ жылдар осы елдегі ислам мәдениетінің дамуына залалды ықпалын тигізіп келген кеңес үстемдігінен кейін қайтадан ислам мәдениеті мен өркениетінің бір бөлігі болу тілегін паш етті.

Осыдан бастап, Қазақстан Республикасы барлық халықаралық ислам форумдарына, соның ішінде Сауд Арабиясы аумағында өтетін форумдарға жүйелі қатыса бастады. 2005 жылдың 9-11 қыркүйегі аралығында Ислам конференция ұйымының Бас хатшысының шақыруымен Сауд Арабиясына Қазақстан Республикасы Сенатының халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік істері комитетінің төрағасы Жабайхан Әбділдин мырза сапармен болып қайтты. Ол аса қасиетті Меккеде мұсылман мемлекеттерінің өкілдерімен өткен кеңестер мен мәжілістер жұмысына қатысты. Сондай-ақ, 2005 жылдың  желтоқсан айының 5-інен 8-іне дейін аса қасиетті Меккеде Екі мешіттің сақтаушысы, Король Абдалла бен Абдел Әзиз әл Саудтың бастамасымен өткен ислам мемлекеттерінің кезектен тыс Саммитіне ҚР мен САК елшіліктері мен Ислам конфереренциясы Ұйымының Қазақстандағы тұрақты өкілі және Елбасы Назарбаевтың жеке өкілдігі бастаған Қазақстан делегациясы да қатысты.

Сауд Арабиясы Корольдігі мен Қазақстан Республикасы арасындағы мәдени және рухани байланыстардың нығаюы негізінде Қазақстанда күннен күнге күшейе түскен Исламға және оның іліміне терең сүйіспеншілік сезім барына еш дәлелдің қажеті жоқ.

Сауд Арабиясының қолдауымен Елбасы Назарбаев республикада көптеген мешіттердің ашылуына, қалпына келтірілуіне, көптеген мешіттерге күрделі жөндеу жұмысының  жүргізілуіне ұйытқы болды.

Ол мыңдаған қазақстандықтардың Алланың киелі мекені Мекке мен Мәдинедегі қасиетті орындарға қажылыққа бару ниетін қолдады. Сауд университеттері жүздеген қазақстандық студенттерді ислам дінін насихаттауға даярлау үшін оқуға қабылдады. Қазақстанда ислам әдет-ғұрыптары, жөн-жоралғылары мен рәсімдері жаңартылды. Коммунистік кеңес озбырлығы жылдарында жетпіс жыл бойы қысымға ұшыраған көптеген мұсылман діни қызметшілері ақталды. Муфтилік құрылды.

Қазақстан Республикасының муфтиі тағайындалды. Қазақстанның діни уағызшыларын дайындау үшін Жоғары ислам институты құрылды. Қазақстанның муфтиі Сауд Арабиясы мен басқа мұсылман мемлекеттерінің көрсеткен туысқандық көмегінен елде ислам дінінің қайта өркендегенін толық негізде атап айтты. Осынау жұмыстардың бәрі де, Қазақстанды кеңестік басқару жылдарында исламмен ашық дұшпандық саясат жүргізген коммунистік ықпалдың зардаптарынан тазарту еді. Кезінде адамдардың сана-сезімінен олардың мұсылман тегіне қатыстылығын құрту әрекеті де жүзеге асырылды. Қазіргі уақытта Қазақстанның барлық қалаларындағы мешіттердің саны көбеюде, олардың саны екі мыңнан асады. Бұл сайып келгенде, ақиқат дінге қатыстылық жағынан алғанда Қазақстан мұсылмандарының мәдени және рухани ағаруының шамшырақтары. Егер де қазақстандықтардың ислам туралы білім алуға деген құштарлығын ескере кетсек, олардың мәні бұдан да ерекшелене  түседі.

Бұған дейін айтылғандай, Жоғары Мәртебелі Король бекзадасы Сұлтан бен Абдел Әзиз Петропавл қаласында салынатын зәулім мешіт ғимаратына арнап, екі миллион доллар қайырымдылық қаржысын беретінін мәлімдеген еді. Бұл мешіт осы қаланың тұрғындарының нағыз ислам мен мәдени орталығына айналып отыр.

Сауд Арабиясы Корольдігі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2003 жылғы 23-24 қыркүйекте өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының бірінші, екінші және 2009 жылғы шілде айында өткен үшінші съездерін Қазақстан Республикасының астанасы Астана қаласында шақыру туралы бастамасын да құптады.

Экономикалық мәселелерге қайта оралсақ, екі елдің ынтымақтастығын нығайтуда Сауд даму қорының маңызды роль атқарғанын атап айтпақпыз. Қор Қазақстан Республикасымен  ынтымақтастықты жандандыра түсті және Қазақстан қалаларында маңызды жобаларды іске асыру үшін көптеген несиелер беру шараларына қатынасты. Соның ішінде, жерасты коммуникациясы желілері мен қала шаруашылығын дамытуды қарастырған жобалар.

Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен Мәртебелі Корольдіктің бекзадасы Сұлтан бен Абдел Әзизбен жүргізілген келіссөздер барысында екі ел арасындағы авиажелісті үйлесімді жасауға қатысты уағдаластыққа келді. Мұндай желі бауырлас екі елдің арасындағы туристік және сауда айырбасын жандандыруды қамтамасыз етеді.

Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Сауд Арабиясына жасаған сапары барысында Эр-Рияд қаласындағы сауда-өнеркәсіп палатасына барды. Осы маңызды сапар кезінде Сауда-өнеркәсіп палатасының Аса Мәртебелі Басқарма кеңесі басшысымен және кеңес мүшелерімен кездесті. Ол сондай-ақ, сөйлеген сөзінде Қазақстанның экономикада қол жеткізген жетістіктеріне тоқталып өтті. Осындай келіссөздер нәтижесінде САК Сауда-өнеркәсіп палатасының басшысы бастаған делегациямен бірге,  сондай-ақ, түрлі сауда және экономикалық қызмет секторы басшылары, сауд бизнесмендері Қазақстан Республикасына сапарымен келді . Бұл сапар 2004 жылғы 20 – 24 маусымды өтті. Сауд кәсіпкерлері мен бизнесмендері инвестициялау және тауар айырбасын жандандыру мәселелерімен, сондай-ақ, энергетика, металлургия, көлік, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы және туризм салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері туралы қазақстандық әріптестерімен маңызды келіссөздер жүргізді. Сауд және Қазақстан делегацияларының әрқайсысы екі мемлекет атынан Кәсіпкерлердің мемлекетаралық кеңесін құру мен өзара ынтымақтастықты нығайту туралы бірлескен меморандумға қол қойды.

2005 жылғы мамырдың 2-3 аралығындағы кезеңде Қазақстан Республикасы мен Сауд Арабиясы  кәсіпкерлерінің бірлескен Комиссиясының отырысы болды. Мәжіліс жұмысына Қазақстан жағы ҚР экономикасының көптеген маңызды секторларының өкілдігі саналатын  қазақстандық бизнесмендерінің үлкен тобымен «Қазақтелеком» фирмасын басқаратын Қайрат Кәріжанов мырза қатысты. Жұмысқа сауд жағынан Сауд Арабиясы Корольдігі Сауда-өнеркәсіп Палатасы төрағасының басқаруымен сауд бизнесмендерінің бір тобы қатысты. Тараптардың екеуі де инвестициялау мен тауар айырбасын жандандыру, энергетика, металлургия, денсаулық сақтау, көлік, туризм және ауыл шаруашылығы салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері туралы  тереңдетілген келіссөздер жүргізді.

Сапар алмасу барысында Сауд Арабиясына  барған қазақстандық делегацияға Қазақстанның сыртқы істер министрі мәртебелі Қасымжомарт Тоқаев мырза басшылық етті. Ол  САК-нің Сыртқы істер министрі, корольдіктің Жоғары Мәртебелі бекзадасы Сауд әл-Фейсал басшылық еткен сауд ресми тұлғаларымен кездесулер өткізді. Қазақстан министрі өзінің саудтық әріптесіне Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі Мәжіліс жұмысына бақылаушы ретінде қатысуға шақыруды табыс етті. Тараптардың екеуі де ҚР-ында және САК-ында  екі сыртқы істер министрліктері арасындағы кеңестер туралы меморандумға қол қою  уағдаластығына қол жеткізді. Осы сапар барысында Қазақстанның сыртқы істер министрі 2004 жылғы 17 – 20 қаңтар аралығында Жидда қаласында өткізілген экономикалық форумның жұмысына қатысты. Сауд бизнесмендері алдында сөйлеген сөзінде министр оларды Қазақстанның халық шаруашылығы салаларына, машина жасау саласына, мұнай-газ өнеркәсібі мен қызмет көрсету саласына қаржы салуға шақырды.

2004 жылғы 2-3  наурыз аралығында қазақстан – сауд бірлескен комиссиясының екінші сессиясының отырысы болды. Осы жұмыс барысында  тараптардың екеуі де мынадай үш шағын комиссия: сауда-экономикалық ынтымақтастық және энергетика жөніндегі шағын комиссия білім беру, мәдениет, ақпарат, туризм, спорт және жастар ісі  жөніндегі шағын комиссия және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі шағын комиссия құру туралы келісімге келді.

Тараптардың екеуі де  келіссөздер барысында қол жеткізілген нәтижелерге зор ризашылық білдірді және екі ел арасындағы тауар айырбасы көлемін ұлғайту және екі елде сұраныспен пайдаланылатын тауарлар тізімін алмасу  қажеттігі туралы келісімге келді. Тараптар  екі бауырлас ел делегацияларының өзара сапарларының санын арттыруға, сондай-ақ осы екі елде өндірілетін өніммен таныстыру үшін көрмелер өткізуге уағдаласты.

Мұнай – газ саласында жұмысты бұрынғыдан да жақсы үйлестіруге жәрдем беру мақсатымен бірлескен жұмысшы тобы құрылды. Ақпарат және тәжірибе алмасу, делегация алмасуды жандандыру, ғылыми және мәдени конференциялар өткізу қажеттігі баса айтылды. Ақпарат алмасу, екі жақты сапар алмасу және бірлескен ғылыми-зерттеу бағдарламаларын іске асыру жолымен ұйымдар арасындағы байланысты ғылыми-техникалық нығайту мақсатындағы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Екі елдің өзара сапар алмасуға ұмтылысы мен ортақ кеңес өткізуі арқасында Сауд Арабиясы қаржы министрінің орынбасары 2004 жылдың 22-24 тамызы аралығында Қазақстанға келіп кетті. Осы сапарда ол ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Нұртай Әбіқаев мырза бастаған бірқатар қазақстандық жауапты тұлғалармен кездесті. Әңгіме барысында екі ел арасындағы қарым-қатынас жайлы, сондай-ақ бұдан бұрын белгіленген, Сауд Арабиясының қаржыландыруымен жүзеге асатын ҚР Парламентінің жаңа ғимаратының құрылысын салу жобасының орындалуына байланысты мәселелер талқыланды.

ҚР Әділет министрі Оңалсын Жұмабеков мырза өз әріптесі САК Әділет министрі Жоғары Мәртебелі доктор Абдолла бен Мұхаммед бен Ибрагим-әл аш-Шейхтің шақыруымен 2004 жылдың 10-14 желтоқсаны аралығында Сауд Арабиясына ресми сапармен барып қайтты. Сапар барысында сот-құқық саласындағы екіжақты ынтымақтастық барысы талқыланды. Сапар қорытындысында Сауд Арабиясы корольдігі  мен Қазақстан Республикасы арасында сот-құқық саласында әріптестік келісімге қол қойды.

Қазақстан Парламентінің тағы бір делегациясы, бұл жолы ҚР Сенатының  мүшесі Қуаныш Сұлтановтың басшылығымен 2004 жылдың 19-23 желтоқсаны аралығында Сауд Арабиясында болып қайтты.

Делегацияны САК Шур кеңесінің басшысы, доктор Салех бен Абдолла бен Хамид қабылдады. Екі мемлекеттің парламентаралық достық қатынасын дамыту жайлы комиссия құрылды. ҚР Президентінің жеке өкілі, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Асқар Шәкіров бастаған делегация Сауд Арабиясының шақыруымен 2005 жылдың 5-8 ақпан аралығында өткен лаңкестікпен күрес жайлы халықаралық конференция жұмысына қатысты.

2005 жылдың екінші тамызында Жоғары мәртебелі ҚР Президенті Н.Назарбаев Сауд елі басшылығына Екі мешіттің  сақтаушысы Король Фахд бен Абдел Әзиз әл-Саудтың (Алла оның жанын жаннаттан берсін) қайтыс болуына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады.

Әртүрлі деңгейде өткен екі ел арасындағы сапарлардың бәрін айта беру қиын. Соған қарамастан, 2009 жылдың аяғында екі елдің Елшіліктерінің үйлестіруімен және Корольдіктің Сыртқы істер министрліне қарасты Дипломатиялық зерттеулер институты ұйымдастырған экономика мен мәдениет саласындағы бірлескен кездесулерді атап көрсетуге болады. Бұл кездесулер екі елдің түрлі саладағы қарым-қатынастарының деңгейінің жоғары екенін білдіреді.

Сауд Арабиясы Корольдігі Қазақстан қалалары мен ауылдық жерлеріндегі көптеген жобаларды іске асыруды моральдық әрі материалдық тұрғыдан ең алғаш және белсенді түрде қолдаушы мемлекеттердің бірінен саналады. Алдымен мекеме құрылысы жөнінде жобалар мен жерасты коммуникацияларды іске асыру жобасын қолдады. Сауд Арабиясы Қазақстан Парламентінің жаңа ғимараты құрылысын қаржыландыруды қолға алып, осы мақсатқа 15 миллион АҚШ долларын бөліп, оны түгел төледі. Бұл ғимарат 2006 жылы салтанатты түрде ашылды. Корольдіктің Жоғары Мәртебелі бекзадасы Сұлтан бен Абдел Әзиз Астана  қаласындағы кардиохирургия орталығының құрылысын салуға және оны жабдықтауға қаражат бөлді. Орталық ең жаңа, жетілдірілген құралдармен және медициналық аспаптармен жабдықталған. Ол жоғары білікті маман-кадрлар қамтамасыз етілгеннен кейін, бүкіл Орталық Азиядағы ең замануи және ең жақсы жабдықталған орталыққа айналды.

Қазақстан Республикасы қазіргі уақытта ел экономикалық қауіпсіздік пен тұрақтылық ахуал жағдайында өмір сүріп отырған осынау кездегі жағдайдан барынша тиімді түрде шығу жолындағы өзінің күш-жігерін жандандыра түсуде. Мұндай жағдай Қазақстанның бүкіл тарихында бірінші рет байқалып отыр. Бұған елдің бай табиғи ресурсын қосыңыз. Осының бәрі республика басшылығын өз еліне бұдан да ауқымды түрде шетелдік инвестиция тартуға ықылас туғызуда. Соның ішінде саудтық әріптестерінен инвестициялар тарту көзделінуде. Сауд Арабиясы сияқты ықпалды мемлекеттің қолдауына қол жеткізу міндетін Қазақстан басшылығы өз саясатының алғашқы  басымдығының қатарына қойып отыр. Сондықтан да екі елдің өзара қарым-қатынасына келгенде, олардың бүкіл дүниежүзіндегі бейбітшілік пен халықаралық қауіпсіздікті нығайтуда, сондай-ақ, екі халықтың гүлденуін қамтамасыз ету ісінде атқаратын маңызды ролі назарға алынуда.

Назар аударғандарыңызға рахмет!

Доктор Маджид бен Әбдел Әзіз ат-Түрки

Ақпарат жөніндегі кеңесші және Ресей бойынша маман,

Қазақстанның Абай атындағы Университетінің

Құрметті докторы

majedat@gmail.com

 

 

بواسطة : adminmciars

شاهد جميع مقالات

مقالات ذات صلة

إكتب تعليقك

يجب أن تسجل دخولك لكتابة تعليق.

Follow us on Twitter

Channel Site

Ads